Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазарына жол салынуда
Қос ғашықтың қайғылы махаббатына арнап тұрғызылған Қозы Көрпеш - Баян сұлу мазаратына барып, зиярат ету қиын. Себебі ол жаққа баратын жол нашар. Осы жолдың құрылысы нақты қашан салынып бітеді екен?
Бақытбек, Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жердегі Аягөз өзенінің бойында орналасқан Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарына баратын жол жақын арада толық бітеді. Енді ол жаққа қиындықсыз жетуге болады, оған салынып жатқан жол республикалық бюджеттен қаржыландырылуда. Бұл туралы Аягөз ауданының әкімі Нұрбол Нұрғалиев мәлім етті. «Тас жол салынып, жолдың бір бөлігіне асфальт төселді. Жұмыс толығымен келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда», – дейді әкім мырза. Жалпы, Аягөз ауданы Таңсық стансысынан 11 шақырым қашықтықта орналасқан қос ғашықтың мазары біздің заманымызға жеткен Қазақстандағы көне ескерткіштердің бірі болып табылады. Мазардың жалпы биіктігі – 11, 65 метр. Мазардың күмбезіне жету үшін тоғыз адам бірінің үстіне бірі мінгесіп шығуы қажет. Ескерткіш Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың қайғылы махаббаты туралы көне аңызбен байланысты.