Қосымша жұмысқа зияндылық үшін ақы төлене ме?
Егер қызметкер зиянды немесе қауіпті жұмысты қоса атқарса, оған лауазымды қоса атқарғаны үшін қосымша ақымен қатар, зиянды еңбек жағдайында қызмет атқарғаны үшін қосымша ақы төленуі тиіс пе?
Мұрат Әлімбаев, Қарағынды облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 204-бабында ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу қалыпты еңбек жағдайлары бар жұмыстарда iстейтiн қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеумен салыстырғанда жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар (ставкалар) немесе қосымша ақылар белгiлеу жолымен жоғарылатылған мөлшерде, бiрақ Қазақстан Республикасының заңнамасында, салалық келiсiмдерде немесе ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеудiң ең төменгi стандарттарына негiзделiп белгiленгеннен төмен емес мөлшерде белгiленедi деп айқындалған.
Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, еңбекақының жоғары мөлшеріне және жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысына құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі (бұдан әрі – Тізім) Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 31 шілдедегі №182-ө бұйрығымен бекітілген. Осыған орай, зиянды және ауыр еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы алуға лауазымдары мен кәсіптері Тізімге енгізілген қызметкерлердің құқығы бар.
Аталған жағдайда егер қызметкер еңбек жағдайлары зиянды немесе қауіпті жұмысты қоса атқарса, оған лауазымды қоса атқарғаны үшін қосымша ақымен қатар, зиянды еңбек жағдайында қызмет атқарғаны үшін қосымша ақы төленуі тиіс.