Қосымша жұмысқа қосымша ақы төлене ме?
Мен мектепте директордың орынбасары болып қызмет атқарамын. Мектеп директоры еңбек демалысына шығуына байланысты оның міндеті маған жүктелді. Алайда есепші «директордың міндетін қоса атқарғаны үшін қосымша ақы төленбейді» дейді. Осы заңды ма?
Орынгүл Меделбекова, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының берген жауабы бойынша, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» №1400 Қаулысымен ( бұдан әрі – қаулы ) реттеледі.
Қаулының 19-қосымшасында мамандарға, қызметшілерге және жұмысшыларға лауазымдарды қоса қызмет атқарғаны (қызметтер көрсету аясы кеңігені) үшін қызметкердің лауазымдық жалақысынан 50%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы белгіленген.
Бірақ қаулыға сәйкес аталған қосымша ақы мекемелердің басшыларына, олардың орынбасарларына қолданылмайды.