Қосымша жұмыс істеуге құқығым бар ма?
Мен «Күзет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзетші болып жұмыс істеймін. Жұмыс кестесі бойынша бір тәулік жұмыс істеп, екі тәулік демаламын. Менің білгім келгені — демалыс күндерін пайдаланып, басқа мекемеге, яғни бюджет саласына күзетші болып жұмыс істеуге құқығым бар ма? Құқығым болса, оның талаптары қандай?
Алдияр ШЕРБЕКОВ, Алматы облысы
Сарапшы мамандардың мәліметіне қарағанда, қоса атқаратын жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін реттеудің ерекшеліктері ҚР Еңбек кодексінің 18-тарауында көрсетілген.
Осы тараудың 196-бабына сәйкес, қызметкер өзі еңбек қатынастарында тұрған бір жұмыс берушімен (негізгі жұмыс орны бойынша), сондай-ақ бірнеше жұмыс берушімен де қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға құқылы.
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қоса атқару жөнінде сілтеме болуы міндетті.
Бұл ретте, заңнама бойынша қоса жұмыс атқару үшін бірқатар талаптар қойылады.
Атап айтқанда, Кодекстің 197-бабына сәйкес, қызметкер басқа жұмыс берушімен қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасу үшін осы Кодекстің 31-бабында көзделген құжаттардан бөлек, негізгі жұмыс орны бойынша еңбектің сипаты мен жағдайлары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) туралы анықтама табыс етеді.
Сонымен қатар Кодекстің 198-бабына сәйкес, негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 82-бабында белгіленген күнделікті жұмыс уақытының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.