Қосымша жұмыс атқарған адамға сауықтыру ақысы қалай төленеді?
Тәрбиешілікті қоса атқаратын мұғалімге сауықтыру ақысы мұғалімнің бір жүктемесі бойынша төлене ме, әлде нақты алып жүрген толық еңбекақысы негізінде төленуі тиіс пе?
Ақтілек САУҒАБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасы сарапшысының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 196-бабына сәйкес, қызметкер өзi еңбек қатынастарында тұрған бiр жұмыс берушiмен (негiзгi жұмыс орыны бойынша), сондай-ақ бiрнеше жұмыс берушiмен де қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға құқылы.
Бірақ негiзгi жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделiктi жұмыстың жиынтық ұзақтығы кодекстiң 82-бабында белгiленген күнделiктi жұмыс уақытының нормасынан төрт сағаттан аспауға тиiс.
Ал қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қоса атқару жөнiнде сiлтеме болуы мiндеттi.
Кодекстің 199-бабына сәйкес, қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы негiзгi жұмысы бойынша демалыспен қатар берiледi. Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы басқа жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс берушi қоса атқарушы – қызметкердiң өтiнiшi бойынша демалыс ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақысы сақталмайтын демалыс бередi. Бұл ретте кодекстің 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтiзбелiк 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi. Осыған орай, аталған жәрдемақы негізгі жұмыс орны (лауазымы) бойынша, сонымен бірге қоса атқаратын жұмыс орны (лауазымы) бойынша төленуі тиіс.