Қосымша сағаттар үшін ақы төленуі керек пе?
Мен мектепте алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Жүктемем – 1 ставка + 10 сағат. Ал бірақ қосымша 10 сағат үшін ақы төлемей отыр. Осы заңды ма?
Марат ӘБІЛТАЕВ, Қарағанды облысы
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі:
1) 18 сағаттан аспайтындай:
бастауыш білім беру ұйымдары үшін;
негізгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін;
білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру ұйымдары үшін;
мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдары үшін;
2) 24 сағаттан аспайтындай:
мектепке дейінгі ұйымдар және мектепке дейінгі тәрбие берудің мектепалды топтары және білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары үшін;
балалар мен жасөспірімдердің спорттық білім беру ұйымдары үшін;
3) 30 сағаттан аспайтындай интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерьлерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілері үшін белгіленген.
Сіздің жалақыңыз, негізінен, нақты жұмыс істелген уақытқа есептелуі қажет.