Әдемі гүл шоғы міндетті түрде қымбат болуы шарт емес. Мұғалімге арналған әсем гүл жинағын қолжетімді бағада да құрастырып алуға болады
Бүгін Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылады. Түлектердің ұстаздарға гүл шоқтарын сыйлауы әдемі дәстүрге айналған.
БАҚ мұғалімдерге құны екі айлық есептік көрсеткіштен (2021 жылы 1 АЕК – 2 917 теңге) қымбат емес, яғни алты мың теңге шегінде сыйлық беруге болатыны туралы жазды.
Білім және ғылым министрлігі гүл шоғы секілді символикалық сыйлықты пара емес, құрметтің белгісі деп санайтынын айтты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы "Цветочник" ұлттық гүл дүкендер желісінің аға флористі Мадина Айтпанованың айтуынша, 5-6 мың теңгенің көлемінде тұратын алуан түрлі гүл жинағын құрастыруға болады.
Ол жас мұғалімдерге нәзік түсті гүл, ал егде жастағы ұстаздарға раушан гүлінен құрастырылған гүл байламын сыйлауға кеңес берді.
"Жас мұғалімдерге едәуір нәзік түсті гүлдерді сыйлайды. Оның түрі де көп. Мысалы, француз стилінде сәндеуге болады немесе қорапқа әрқилы етіп орналастыруға болады. Ал біршама егде жастағы ұстаздарға раушан гүлінен құрастырылған гүл шоқтарын сыйлауға кеңес беремін. Біздің жылыжай кешенімізде раушан гүлінің 25-тен астам түрі өсіріледі", – деді Айтпанова.
Флорист вазадағы гүл шоқтарын қалай ұзақ уақыт сақтауға болатынын да айтып берді.
"Гүлдер ыстық пен қапырықты және күннің көзін ұнатпайды. Сондықтан терезе алдында тұрған гүліңіз тез солып қалса таңғалмаңыз. Вазадағы суды толығымен күн сайын ауыстырып тұрсаңыз, онда гүлдер де соғұрлым ұзақ көз қуанта алады. Вазаның ішін де күн сайын жақсылап жуу керек. Гүлдің сабағын 45 градус бұрыштап кесу керек. Жаңадан жасалған қиынды гүлдің өмірін ұзартады", – деді ол.
Қазақстанда оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шара 25 мамырда білім ошақтарының ауласында өтеді. Соңғы қоңырау барысында түлектерге аттестат тапсыру кезінде қол алысуға тыйым салынады. Сондай-ақ шараға қатысушылардың барлығы бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек. Мерекелік іс-шараларға рұқсат жоқ.