Мен, негізі, табиғатымда табанды, өз ойымды тіке айтатын батыл адаммын. Бірақ неге екенін білмеймін, ағынды судан қатты қорқам. Жүзген былай тұрсын, жанына жақындағаннан-ақ мені ағызып ала жөнелетіндей болады да тұрады. Бұл не, ауру ма?
Төлеген Айтбаев, Қызылорда қаласы
«Қорыққанға қос көрінеді» дейді қазақ. Сіз айтып тұрғандай, бір нәрсені көргенде еріксіз жиырылып, жек көріп, қорқып тұратын сезімді ғылыми тілде «фобия» дейді. Соның ішінде сіздікі – аквофобия. «Фобия» грекшеден аударғанда «қорқыныш» дегенді білдіреді, аква – су. Тек әркімнің қорқатын нәрсесі әр бөлек. Тарихқа үңілер болсақ, Наполеонның атқорасында бірде-бір ақбозат болмапты. Оның себебі төрткүл дүниені бағындырғысы келген қаһарлы қолбасшының өзі ақбоз аттардан қорыққан екен. Психиатрлар бұл жерден үрейдің екі түрін көреді: біріншісі – тұлпардан қорқу, гиппофобия болса, екіншісі – лейкофобия, яғни ақ түстен қорқу.
Қазақта күш атасы саналатын Қажымұқанның өзі тышқаннан қорыққандығы жайлы айтылады. Адамдардың бойында ең жиі кездесетін қорқыныш түрлері:
Айхимофобия – кесетін, өткір құралдардан қорқу.
Клаустрофобия – жабық кеңістіктен, мысалы, лифтіден қорқу, яғни мұндай адамдарға үнемі кез келген сәтте лифт тоқтап қалатындай, болмаса ол жерге үзіліп түсетіндей көрінеді де тұрады.
Нумерофобия – 13, 44, 66 деген секілді түрлі сандардан қорқу, өмірі мен өлімін сандармен байланыстыру.
Сигналофобия – түрлі дыбыстық сигналдардан, қоңырау сыңғырынан қорқу. Мұндай дертке ұшыраған адамдар тіпті сағат тілінің тырсылы мен телефон дауысынан да қорқады. Қалай болғанда да, қорқынышты жеңе білген дұрыс.
Қорыққанға қос қалай көрінеді?
Последние статьи автора