Қор қалай құрылады?
Жұбайымыз екеуміз кәсіпкерміз. Алдағы уақытта қолда бар біраз ақшаны салып, қайырымдық қорын ашсақ деп едік. Қор қызметі туралы аз-кем мағлұмат берсеңіздер.
Нұрбек Рахметолла, Атырау қаласы
Азаматтар немесе заңды тұлғалар ерікті мүліктік жарналар негізінде құрған, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтін мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым «қор» деп танылады.
Қор қызметінің мақсаттары қоғамға пайдалы болуға тиісті. Қордың мүліктік базасы ерікті мүліктік жарналар, құрылтайшылардың түсімдерін қосқанда, қайырымдылық көмек, гранттар, демеушілік көмек негізінде қалыптасады. Қоғамдық қорлар құрылтайшылары ретінде азаматтар немесе заңды тұлғалар болуы мүмкін. Құрылтайшылар құрамына байланысты қорлар келесі түрлерге бөлінеді: корпоративтік, қоғамдық, және мемлекеттік. Корпоративтік қор бір немесе бірнеше заңды тұлғалармен құрылады. Бір отбасының мүшелері саналмайтын азаматтармен және заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктермен құрылған қор қоғамдық қор деп танылады. Ал мемлекеттік қор мемлекеттік органдар шешімі бойынша құрылатынын айта кету керек.
Әдетте қордың қамқорлық кеңесі қатарына лаузымды тұлға болып табылмайтын немесе штаттағы қызметкерлерге жатпайтын бөтен тұлғаларды шақырады. Заң құжаттарында ондай талап жоқ, бірақ қордың қамқорлық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі өзара неке немесе туысқандық байланыстары және осы қордың штаттық қызметінде болмау керек. Қор басшысы және есепшісі өзара неке, жақын туыстық қатынастарда болмауы тиіс.