Қоқыс та зерттеуді қажет етеді
Гарболог деген мамандық бар екен. Олар не істейді?
Әсел МИРАСҚЫЗЫ, оқушы
Гарбология – өзімізге белгілі экология ғылымының бір тармағы. Ағылшынның «garbage» сөзінен шыққан, тұрмыс қалдықтары деген мағынаны білдіреді. Демек, гарболог – қоқыстану саласындағы маман. Олар қоқыстың құрамын зерттеп, қалдықтардың бір-бірімен және қоршаған ортамен қандай байланысқа түсетінін анықтайды. Оларды жоюдың қауіпсіз тәсілдерін іздестіреді. Көптеген қоқыс үйінділерін зерттегенде, тұрмыс қалдықтарынан басқа бұл жерде радиоактивтік және өнеркәсіп қалдықтары, сондай-ақ сынап, қорғасын, күшәла сияқты қауіпті заттар ұшырасады. Белгілі бір жағдайда олар бір-бірімен химиялық реакцияға түсіп, өртеген кезде ауаға зиянды қалдықтарды таратады.
Қоқысты жою – ұзақмерзімді көп сатылы жұмыс. Қазіргі кезде қоқыс жою мәселесі жаһандық деңгейге көтерілген. Тығырықтан шығудың жолы ретінде гарбологтар қоқыс өңдеу зауыттарын салуды ұсынған еді.