Қоян жылы қандай жыл?
Әдетте қоян жылы қазақ халқының есінде қуаңшылық, ауыр жыл ретінде қалған, - деп жазды Ақ Жайық сайты.
Тарих парақтары Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманның да 1732 жылғы қоян жылымен тұстас келгенін айтады. Одан кейінгі 1867 -1868 жылғы жалпақ қоян, 1879-1880 жылғы ұлы қоян, 1891-1892 жылғы кіші қоян деген атпен қалған кезеңдер де ел есінде. Жұт жылдары жеке рулар, ауылдар немесе тұтас бір отбасы, мал басы малсыз қалған кездер болған.
Атыраулықтардың есінде өткен қоян жылдары несімен сақталды? Біз бұл сауалды 50-ден астам кен орындарын ашуға ат салысқан, Прорва кенішіне №1 ұңғыманы салған геолог-бұрғышы Құтпан ҚАБДОЛОВ ақсақалдан сұраған едік.
80-ді алқымдағанмен Құтпан ата әлі тың екен. Оның жаддының зеректігіне таң қалмасымызға болмады. Қария 1951 жылы наурызда еріген мол қардың суы теңіз суына қосылып, көптеген үйлердің су астында қалған жайттардың куәсі болған екен.
- Мен ол жылдары Тереңөзек кенішінде жұмыста едім. Онда ылғи саман тастан салып, итарқа қылып тұрғызылған жер төлелер болатын. Тез арада 4 бригада құрылды. 2 бригаданың күшімен екі үйлік жер үй тұрғызылып, адамдар сонда кіргізілді. Маңымызға тікұшақ қона алмайды. Қажет азық-түліктерді лақтырып тастап кетіп жүрді. Тек шілдеге қарай жер дегди бастады,- дейді Құтпан ата.
Ал 1963 жылғы қоян жылы да қарияның есінде Прорва кенішінің ұңғымаларын су алып кетуімен қалған көрінеді.
- 63-тің 27-қарашасы. Батыс Прорвада №44 ұңғымада жүргенбіз. Кешке келген Жанай Ботабаев есімді бұрғышы жігітті мотоциклге мінгізіп, теңізді көріп келуге жіберген едім. «Су қатты келеді, шамамен 37 шақырым жерде» деді. Мен жетекшілік ететіндіктен түнде вахтаны шығарып едім, олар ұңғыға жете алмай, жолға қойылған 1 метрлік дамбыны су алып кетіпті деп қалып қойды. Сол жолы қасымызға 10 шақырым жерге ішінде толған итбалығы бар кеме ығып келген еді.
Құтпан қарттың айтуынша, қоян жылының кірісі емес, шығысы қатты болатын көрінеді. Ақсақал жаңа басталатын жыл тек жақсылықтар алып келгей деген тілек айтты.
Сәния Тойкен
29 желтоқсан 2010 жыл