Қиярдың отаны қай жақ?
Қияр ең алғаш қай кезде пайда болған? Көкөністің бұл түрін алғаш өсірген қай халық?
Раушан ҚҰЛБАЕВА, Атырау облысы
Энциклопедиялық еңбектердің мәліметіне қарағанда, қияр 6000 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Оның отаны – Үндістанның тропикалық және субтропикалық аудандары. Гималайдың етегінде әлі күнге дейін қиярдың ең көне, жабайы түрлері өседі екен. Қияр дәстүрлі діндердің қалыптасуына өзек болған кітаптардың бірі – Інжілде Мысырда өсірілетін көкөніс ретінде аталады. Ежелгі римдіктер мен гректер де қияр өсіріп, жей білген. 1528 жылы неміс елшісі Герберштейн өзінің қолжазбасында Мәскеу мемлекетіне жасаған саяхаты кезінде қияр жегенін жазыпты. Қиярдың Ресейде өсіріле бастағаны шамамен осы кез болса керек. Қазақстанда қияр өсіру ХІХ ғасырдың соңғы жылдарынан бастап кең тараған.