«Қазтест» деген не?
Кейбір мемлекеттік қызметтегілер «Қазтест» жүйесі арқылы қазақ тілінен арнайы сынақтан өтеді деп естідім. Ол қандай жүйе?
Нұрбек Әлибек, Тараз қаласы
Бұл – Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын шетел азаматтарының мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.
2006 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба тіл білімін бағалаудың халықаралық жүйелеріне негізделген.
Мемлекеттік қызмет алу үшін пайдаланушы Ұлттық тестілеу орталығына (мекенжайы: Астана қ., Жеңіс даңғылы, 60, Мемлекеттік тілді дамыту басқармасы, №1 кабинет, телефоны: 69-50-73) келесі құжаттарды тапсыру керек:
• мемлекеттік қызмет алу үшін толтырылатын өтініш;
• тұтынушының жеке тұлғасын растайтын құжаттың көшірмесі;
• қазақ тілін меңгерудің белгілі бір деңгейін растайтын сертификаттың көшірмесі (болған жағдайда – Ұлттық тестілеу орталығында берілген).
Өтініш үлгісі Ұлттық тестілеу орталығында беріледі. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар Ұлттық тестілеу орталығына тапсырылады.
Құжаттарды қабылдағаннан кейін Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері тестіленушіге арналған нұсқаулықпен таныстырып, қолдарына береді. Одан кейін мемлекеттік қызмет алу мерзімін анықтайтын емтиханға рұқсаттама беріледі.