Кеңестік кезеңде Орталық Азия мұсылмандары діни басқармасы болған дегенді естіген едім. Ол басқарманың негізінде Қазақстанда қазият құрылғаны рас па? Сол қазиятты басқарған қазилар мен Тәуелсіздік алғаннан кейінгі мүфтилеріміз жайлы мәлімет берсеңіздер екен?
Жанел Санатқызы, Алматы облысы
1943 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының алғашқы құрылтайы өтіп, Қазақстан делегациясын шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов бастап барған. Осы құрылтайда Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргесі қаланып, басқарманың төрағасы, әрі Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмаджидан сайланған. Қазақстанда арнайы қазият құрылып, Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов сол қазияттың қазиы болып тағайындалған. Бұл қазиятты 1952 – 1972 жылдар аралығында Сәдуақас Ғылмани, 1972 – 1979 жылдар аралығында Жахия қажы Бейсенбайұлы басқарды. Ал 1979 жылдан бастап Рәтбек Нысанбаев діни басқарманың Қазақстандағы қазият хатшысы міндетін атқарды. 1990 жылы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Басқарманың тұңғыш төрағасы, Бас мүфтиі Рәтбек Нысанбаев болды. ҚМДБ-ның 2000 жылы өткен ІІІ құрылтайында басқарманың төрағасы, Бас мүфтиі болып профессор Әбсаттар Дербісәлі сайланды. Енді, міне, кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс VII құрылтайы өтіп, бас мүфтилік орынға Ержан Маямеров тағайындалып отыр.
Қазият пен мүфтиятты кімдер басқарған?
Последние статьи автора