Қазақта қанша тазы қалды?
Жалпы, қазақтың тазы тұқымын қаншаға бөліп қарастыруға болады? Ал тап бүгін қазақта қанша тазы қалды?
Мағжан АЙТБАЕВ, Талдықорған қаласы
Әлемдегі 400-ге жуық ит тұқымының қазір тек 300-і ғана халықаралық мәртебе алған, бірақ, өкінішке қарай, оның ішінде әзірге қазақ тазысы жоқ болса керек. Бұл туралы кеше Алматыда тарих ғылымының докторы, профессор Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ тазысы» кітабының таныстырылымында айтылды.
Қазақ ұғымындағы жеті қазынаның бірі – қазақ тазысына арналған бұл тұңғыш еңбек деуге болады. Міне, осы кітапта сіздің сұрағыңызға толық жауап бар. Яғни онда автор Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай бүгінгі таңда елімізде таза қанды 130 шақты қазақ тазысы қалғанын айтады. Ал, жалпы, қазақ тазысының қазір бес түрі бар. Олар: «Жетісу тазысы», «Арқаның ақсақалы», «Шығыстың көкқасқасы», «Каспийдің жарғаққұлағы», «Түркістанның тазысы».