Қазақстандық тұңғыш Олимпиада чемпионы кiм?
Олимпиада ойындарына қатысты бiрнеше сұрақтың жауабын жаздыңыздар. Ендi Олимпиада ойындарына тұңғыш рет чемпион болған Қазақстан спортшысының кiм екенiн бiлуге болар ма екен?
Ералы НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ, Балқаш
«Тұңғыш қазақстандық Олимпиада чемпионы кiм?» деген сұрақтың жауабын дөп басып айту өте қиын. Себебi 1964 жылы қазiргi бессайыстан командалық есепте КСРО құрамасының сапында чемпион болған Виктор Минеев те, грек-рим күресiнен бiрiншi орынға ие болған Анатолий Колесов та (78 келi салмақ дәрежесiнде) сол жылдары әр түрлi себептермен Қазақстаннан қоныс аударған болатын. Яғни ХVIII Олимпиада ойындарына бiрi Баку, екiншiсi Мәскеу спортшылары ретiнде қатысты. Сондықтан Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетi волейболшы Нина Смолееваны ресми түрде қазақстандық тұңғыш Олимпиада чемпионы деп тануда. Н.Смолеева – бiрiншi рет 1968 жылы Кеңес Одағы құрамасының сапында ХIХ Олимпиада ойындарының чемпионы болған, бүгiнде есiмi Американың Холуоке қаласындағы «Даңқты волейболшылар залына» енгiзiлген әйгiлi спортшы.