Қазақстанда жылына қанша уран өндіріледі?
Қазақстан әлемдегі ірі көлемде уран өндіруші мемлекет екендігін білеміз. Осы орайда менің білгім келгені, елімізде жылына қанша уран өндіріледі және уран қоры қанша жылға жетеді?
Исмет Каркусов, Қарағанды облысы
Қазақстан әлемнің уранға деген сұранысын 80 жыл бойы қамтамасыз ете алады. Бұл туралы KAZENERGY VI Еуразиялық форумында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сергей Яшин мәлім етті.
Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні республикада бар қорлар мен ресурстардың небәрі 4,2%-ы өндірілді. «Біздің ойымызша, уран тұтыну көлемі артатын уақыт осы жүз жылдықтың 40-60-жылдарына сәйкес келеді. Қазақстан табиғи уранға деген нарықты 80 жыл бойы қамтамасыз ете алады. Яғни бүгінгі күні Қазақстандағы ресурстар мен қорлар айтарлықтай көп», – дейді басқарма төрағасының орынбасары.
С.Яшин мырзаның айтуынша, Жапонияның Фукусима АЭС-індегі қайғылы оқиғадан кейін (2011 жылдың наурызында болған зілзала мен цунамиден кейінгі апат) табиғи уранға деген көзқарас өзгерген, бірақ уранға деген сұраныс артып келеді.
«Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай уран өндірісін 1,5 есеге арттыру қажет болады, осы сұранысты кім қамтамасыз ете алады деген мәселе алда тұр», – дейді ол.
«Қазатомөнеркәсіп» басшысы орынбасарының пікірінше, Қазақстан «өндірісті тез әрі оңтайлы шығындармен арттыра алатын» аз елдердің бірі болып табылады.
«Біз жылына 20 мың тонна уран өндіреміз, бұл әлемдік уран өндірісінің 33%-ын құрайды. Нарықта қажеттілік туындаса, өндірісті 25-30 мың тоннаға арттыруға мүмкіндігіміз бар», – дейді Сергей Яшин мырза.
Алайда, оның пікірінше, өндіруді арттыру нарықтың сәйкес реакциясы мен лайықты кіріс табатынымызды түсінгенде ғана мүмкін болады.