Қазақстанда қанша ұлттық мектеп бар?
Қазақстанда қанша ұлттық мектеп, театр және баспасөз құралдары жұмыс істейді? Халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы ұлттар достығы жайлы пікірі қандай?
Махмуд ИКРАМ, Алматы облысы
Бүгінгі таңда Қазақстанда 100 ұлт мектебі, 170 жексенбілік мектептер бар. Оларда 23 ұлт тілдері оқытылады. Үш ұлттық жаңғыру мектептерінде 23 бөлімше бар, оларда 12 ұлттың ана тілі оқытылады. Үкімет жыл сайын бұл мектептерге 12 млн теңге бөліп келеді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен де оларға қаржы беріліп отырады.
Қазақстанда төрт республикалық, 15 аймақтық ұлттық газеттер шығады, алты ұлттық театр өнер көрсетеді. Олар – қазақ, орыс, неміс, ұйғыр, корей, өзбек театрлары. Жыл сайын этникалық топтардың онға тарта кітаптары жарық көруде.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан елімізде болған сапарында «Қазақстан ұлтаралық тұрақтылықты сақтай отырып, әлемнің өзге елдеріне үлгі болуда», – деп айтқан еді. Көпұлтты Қазақстан туралы елімізде болған сапарында Рим Папасы Иоанн Павел II де өте жақсы пікір білдірген болатын.