Қазақстан қанша мұнай өндіреді?
Қазақстан мұнай өндіруші ел ретінде танымал. Еліміз әр жылы қанша көлемде мұнай өндіреді?
Сәлім ЕРЛАН, Алматы облысы
Қазір Қазақстандағы дәлелденген мұнай қорының көлемі 4,8 миллиард тоннаны құрап отыр. Бұл әлемдік қордың үш пайызын құрайды. Қара алтынның қоры жағынан Қазақстан әлемдегі алғашқы ондықтың қатарына кіреді. Өткен жылы Қазақстанда өндірілген мұнайдың көлемі 70, 7 миллион тоннаны құрады. Ел үкіметі алдағы уақытта мұнай өндірісін әлі де арттыра түсуді көздеп отыр. Мысалы, биыл оның көлемі 75 миллион тоннаға жуықтайды деп жоспарлануда. Ал болашақта өндіріс көлемі 2010 жылы 80 миллион тоннаны, ал 2015 жылы 100 миллион тоннаны құрамақ. Өңделетін мұнайдың 6,7 миллион тоннасы Ресейден импортталады. Қазақстан 2008 жылы 62,8 миллион тонна мұнай экспорттаған болатын. Биыл ол 67 миллион тоннаны құрайды. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында былтыр 12,3 миллион тонна мұнай өңделді. Бұл көрсеткіш биыл да сақталмақшы.