Қазақстан адам әлеуетінің даму индексі жөнінен нешінші орында?
БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары адам әлеуетінің даму индексін жыл сайын есептеп отыратыны мәлім. Еліміз бұл жөнінен нешінші орында?
Майра, Алматы облысы
Адам әлеуетінің даму индексі елдердегі адам дамуының жиынтық көрсеткішін мазмұндайды және ел азаматтарының денсаулығы мен өмір жастарының ұзақтығын, білім алулары мен лайықты тұрмыс деңгейлері тұрғысынан елдің жетістіктерін есептейді. Мәселен, ұзақ жасау индексі – ұзақ өмір сүру мен салауатты тұрмыс мүмкіндігін мазмұндаса, білім индексі – білімге қолжетімділікпен, мектеп жасындағы балалардың күтілетін орташа оқу ұзақтығымен және ересек азаматтардың орташа оқу ұзақтығымен мазмұндалады. Ал жалпы ұлттық табыс индексі сатып алу қабілетінің тепе-теңдігімен өлшенетін жан басына шаққандағы жалпы ұлттық кірістің шамасымен (АҚШ доллары) өлшенетін лайықты тұрмыс деңгейімен өлшенеді. Елдер үш санат бойынша жіктеледі: адам әлеуетінің даму индексі өте жоғары елдер; адам әлеуетінің даму индексі жоғары елдер; адам әлеуетінің даму индексі орташа елдер; адам әлеуетінің даму индексі өте төмен елдер болып. 2012 жылы адам әлеуетінің даму индексі өте жоғары елдердің алғашқы «ондығын» Норвегия елі бастап, бұл рейтингті әрі қарай Австралия, АҚШ, Нидерланды, Германия, Жаңа Зеландия, Ирландия, Швеция, Швейцария, Жапония елдері жалғастырды.
БҰҰ ДБ адам әлеуетінің даму индексі туралы 2012 жылғы баяндамасы бойынша, Қазақстан 186 елдің ішінен 69-ыншы орынға тұрақтады (2011 жылы – 187 орынның ішінде 68-орын): күтілетін өмір жасының ұзақтығы (67,4 жас); күтілетін білім алу ұзақтығы (15,3 жыл); оқудың орташа ұзақтығы (10,4 жыл); жан басына шаққандағы жалпы ұлттық кіріс (10,451 АҚШ доллары – сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша 2005 доллар).