Интернетті қолданып келе жатқаныма бірнеше жыл болды.
Байқауымша, қазақша сайттардың саны артқан секілді. Қазақша сайттардың әлемдік желідегі үлес салмағын қалай білуге болады?
Әйгерім ТОРҒАЕВА, Алматы қаласы
Соңғы бес жылда қазақ тіліндегі интернет ресурстардың үлес салмағы 8 пайызға өсіпті. Мұндай мәліметті еліміздегі Business Resource интернет ассоциациясының президенті Шавкат Сабиров келтірді. «Егер 2004 жылы мемлекеттік тілдегі сайттар небәрі 4 пайызды құраса, 2009 жылдың соңында бұл көрсеткіш 12 пайызға көтерілген. Демек, қазіргі таңда әр сала бойынша қазақ тілі біртіндеп өріс алып келеді. Сондай-ақ барлық мемлекеттік сайттардың қазақша парақтары бар. Дәл қазіргі жұмыс істеп тұрған мемлекеттік сайттардың саны – 120», – дейді Ш.Сабиров. Ассоциация келтірген деректерге сүйенсек, жылына орта есеппен қазақ тіліндегі ресурстардың көлемі 20 пайызды құрайды екен. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы уақытта елімізде орыс және өзге тілдердегі сайттардың саны 7 пайызға қысқарыпты. Ендігі уақытта қазақша сайттардың сапасы жоғарылап, жаңаша дизайндары жасалса, қолданушылар саны бұдан бірнеше есеге артар еді.