Қазақ волейболының аруы тұрмысқа шықты
Қазақ волейболының жарық жұлдызы Сана Жарылғасованың тұрмысқа шыққанын естіп жатырмыз. Ару қыздың жүрегін жаулаған жігіт кім болды екен?
Ерсұлтан САУРАНБЕКҰЛЫ, Қызылорда облысы
Волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының және «Астана» клубының белді ойыншысы Сана Жарылғасованың тұрмысқа шыққаны рас. Сананың күйеу жігіті де осы спорт түрін серік еткен жандардың бірі. Аты-жөні – Медет Анарқұлов. Шымкент өңірінің тумасы. Медет волейбол ойнауды «Қазығұрт» командасынан бастаған. Кейіннен «Атырау» командасына ауысып, 2009 жылы Қазақстан кубогына ие болған. Ал 2011 жылдан бері шымкенттік «Динамо-Қазығұрт» командасында өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар полиция инспекторы болып та қызмет етеді.
Қазақ волейболының қазіргі жұлдызы Сана Жарылғасова волейболды туған жері Соль-Илецк қаласынан бастаған. 2004 жылы Оралдың «Грация» командасының басшылары шақыруымен Қазақстанға оралды. Кейіннен Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға шақырылды. «Грациядан» соң, «Ертіс-Қазхром», «Алматы» командаларында өнер көрсетті.