Қазақ тіліндегі майдандық басылымдар саны қанша?
Қоғамдық оқиғаларға қашаннан-ақ батыл үн қоса білген қазақ журналистері соғыс кезінде де арнайы газет-журналдар шығарып, Ұлы жеңіске жұртты жігерлендірумен болған ғой. Білейін дегенім, сол бір отты жылдары қазақ тілінде нақты қанша басылым жарық көрді?
Нұрила БЕКБОСЫН, Талғар ауданы, Алматы облысы
Қазақстан журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың мәліметіне жүгінсек, 1942 жылдың қараша айынан бастап қазақ тілінде 20-ға жуық майдандық, армиялық және дивизиялық газеттер, сонымен бірге, жүздеген жауынгерлік парақшалар шығып тұрған. Майдандық басылымдарға жауынгерлердің бойындағы жауға деген жеккөрініш сезімін оятып, жеңіске құлшынысын арттыру, кеңес жауынгерлерінің ерлігін дәріптеп, соғыс оқиғаларын жедел түрде тарату мақсаттары жүктелген. Әскери қазақ публицистикасының бастауы іспетті сол басылымдарда 70-ке жуық қазақстандық журналистер қызмет еткен.
Жалпы, Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО халықтары тілінде 110 майдандық газет шыққан. Ал Орта Азия мен Қазақстанда 42 газет және жеті журнал басылып тұрған. Барлығы 4 500 майдангер журналистер жұмыс істеген, оның 200-і Орта Азия республикаларынан барған.