«Қазақ тілі» қоғамының міндеттері қандай?
Елімізде «Қазақ тілі» қоғамы бар екенін білеміз. Оның басты мақсат-міндеттері қандай, нақты қандай шараларды жүзеге асырады?
Гүлбану Бейсенбекқызы, Орал қаласы
Қазір бұл бұқаралық ұйым «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі деп аталады. Қоғамның негізгі мақсаты – қазақ тілінің республика және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына байланысты мемлекеттік, қоғамдық әртүрлі ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтарға және азаматтарға көмек көрсету, кеңес беру. Қоғам Жарғысының негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
– мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында барлық тиімді тәсілдерді , әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдалану;
– тілдік ортаны қалыптастыратын мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерге деген сұраныстардың орындалуын қадағалап, отбасында, мекемелерде, мектептерде, барлық басқа орындарда мемлекеттік тілге деген ынта-ықыласты арттырып, отаншыл азаматтар тәрбиесіне жәрдем ету;
– ғылыми көпшілік басылымдар әзірлеу, тіл мәдениетін дамытуға және лингвистикалық сауаттылықты жетілдіруге арналған шаралар өткізіп, тіл мерекесі, тіл олимпиадаларын, тақырыптық кештер мен кездесулер ұйымдастырып, әсіресе жастардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру тәрізді толып жатқан мақсат-міндеттерді іске асыру. Қоғам жұмысын ҚР Конституциясы, «Тіл туралы» заңы, өз Жарғысы және Халықаралық адамгершілік нормалары негізінде жүргізеді.