Қазақ қанша шай ішеді?
Жылына бір қазақ қанша шай ішетінін білуге бола ма? Жалпы, шай ішуден қай елдер көш басында тұр?Бақыт ӨСЕКБАЕВ, Талдықорған қаласы
Кезінде жапон тарихшысы Окакура Какудзо: «Адамзаттың бір-бірімен дастарқан басында бір шыны шай ішу арқылы тіл табысқаны – таңғаларлық жағдай», – деп жазған еді. Әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлшегіне айналған шай – қазақ халқы үшін ең сүйікті сусын. Қазақтардың шайды қалай ішетіні туралы XIX ғасырдың орта шенінде тағы бір жапондық зерттеуші М.Киттар былай деп жазған: «Қазақтар шай ішкенде уақыт та, орын да талғамайды. Кез келген тамақтан бұрын да, кейін де шай іше береді». Жоғарыдағы жазбалардан байқағанымыздай, біздің ата-бабаларымыздың шай ішкеніне басқалар таңғала қарайды. Ал өзіміз таңғалмаймыз. Себебі қазіргі кезде біз бір күнімізді сүт қосылған ыстық қызыл күрең шайсыз елестете алмаймыз емес пе? Етпен бірге шай, шайдан кейін де шай іше беретін қазақ бір қонағын, тіпті кіріп-шыққан көршісін шай бермей жібермейді. Әлемде шайды көп ішетін елдер арасында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, адам басына шаққанда әр қазақ жылына 1,2 келі шай ішеді екен. Бұл көрсеткіш Үндістанмен салыстырғанда тек 650 грамм кем. Сондай-ақ шай ішудің өзіндік мәдениетін қалыптастырған ағылшындардың шайға сүт қосып ішкені қазақтарға ұқсайды. Ал ала шапанды ағайындарымыз көк шай ішуден алдына жан салмайды.