Қайда барсақ, Голландиядан, Германиядан әкелінген гүлдер деп жатады. Қазақстанда гүл өсіретін жылыжайлар қалды ма өзі?
Еркін ОМАРОВ, Талғар
Бұл сауалды Mercur Dom ltd директорының орынбасары Амангелді Ержановқа жолдадық. – Қазақстанда сатылатын гүлдердің 25 пайызы өз жерімізде өсіріледі, қалғанын импорт құрайды. Алматы маңында екі, Текелі мен Степногорскіде бір-бірден жылыжайлар бар. Біздің кәсіпорын былтыр 1 млн 200 мың тал раушангүл, 900 мың тал гербера өсірдік. Жыл бойғы сатылымның 50 пайызы әйелдер мерекесі кезінде жасалады, одан кейінгі орында – алғашқы және соңғы қоңыраулар. Биыл тапсырыс берушілердің сұранысына қарағанда, гүл былтырғыдан көбірек сатылып жатқан сияқты. Былтыр 8 Наурыз қарсаңында таңертеңгісін 4500 тал раушангүл кесетінбіз, биыл 7000 данасын өткізіп жатырмыз. Қазақстанда өсірілген гүлдердің бойы 40 сантиметрден, импорт тауары бойшаңырақ, 60-80 сантиметрден басталады. Бірақ менің пікірімше, біздің гүлдер ұзағырақ сақталады әрі иісі табиғи.