Менiң бір танысым 1992 жылы өндіріс орнында қаза болған еді. Сол кезде артында қалған баласы оқу бітіріп, жоғары білімді маман болды. Бірақ жұмысқа орналасу қиын болып тұр. Осы орайда менің білгім келгені, әкесінің өндіріс орнында қаза болғаны ескеріліп, сол мекемеге жұмысқа орналасуына қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
Теңдеш ӘБІЛҒАЗИЕВ, Ақтөбе облысы
Сарапшы мамандардың мәліметінше, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес, мемлекет азаматтардың жұмыспен нәтижелі әрі еркін таңдау арқылы қамтылуына жәрдемдесетін саясат жүргізеді және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді. Мемлекет халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге уәкілетті органдардың делдалдығымен жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге кепілдік береді. Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсетудің мұндай түрлері жергілікті (өңірлік) деңгейде көрсетіледі. Осыған орай жұмысқа орналасу мәселесі бойынша тұрғылықты жеріңіздегі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына мына құжаттармен: жеке куәлік, еңбек кітапшасы немесе диплом, үй кітапшасы, әлеуметтік жеке кодты беру жөніндегі куәлік (ӘЖК), салық төлеушінің тіркеу нөмірін растайтын құжатпен (СТН) жолығуды ұсынамыз. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қызмет бабында жүрiп қайтыс болған әкенiң балаларын жұмысқа орналастыру міндеттелмеген.
Қаза болған әкесінің орнына жұмыс істеуге бола ма?
Последние статьи автора