Қатар атқару жұмысының заңды шарттары қандай?
Қатар атқару жұмысына 0,5 жүктемемен колледжге оқытушы қабылдауға бола ма? Оның заңды шарттары қандай?
Танагүл Тұрдыбаева, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР Еңбек кодексіне (бұдан әрі кодекс) сәйкес, қатар атқарылатын жұмыс деп қызметкердiң негiзгi жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетiн басқа жұмысты орындауын атайды. Қызметкерлерді қатар атқару жұмысына заңнамамен белгіленетін келесі шарттар мен талаптарды орындай отырып алуға болады. Атап айтқанда, қызметкер өзi еңбек қатынастарында тұрған бiр жұмыс берушiмен (негiзгi жұмыс орны бойынша), сондай-ақ бiрнеше жұмыс берушiмен де қатар атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға құқылы. Қатар атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қатар атқару жөнiнде сiлтеме болуы мiндеттi. Қызметкер басқа жұмыс берушiмен қатар атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасу үшiн осы кодекстiң 31-бабында көзделген құжаттардан бөлек, негiзгi жұмыс орны бойынша еңбектiң сипаты мен жағдайлары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) туралы анықтама табыс етедi. Негiзгi жұмыс орны бойынша және қатар атқаратын жұмысы бойынша күнделiктi жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы кодекстiң 82-бабында белгiленген күнделiктi жұмыс уақытының нормасынан төрт сағаттан артық аспауға тиiс. Қатар атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы негiзгi жұмысы бойынша демалыспен қатар берiледi. Егер қатар атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы басқа жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс берушi қатар атқарушы қызметкердiң өтiнiшi бойынша демалыс ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақысы сақталмайтын демалыс бередi. Қатар атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын 18 жасқа толмаған қызметкерлермен және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлермен жасасуға тыйым салынады.