Қастеевтің ұстазы кім?
Әбілхан Қастеевтің арнайы кәсіби білім алмағаны белгілі. Алайда үлгі тұтқан ұстаздары болған шығар?
Жауһар ОРДАБАЙ, Алматы
Әбілхан Қастеевтің ең үлкен ұстазы – өмір. Оның ішіне туған жері, ауыл-аймағы, ата-анасы, ата-бабасы, жалпы, қазақтың жалпақ даласы – бәрі кіреді. Ол – көрген-білгенінен, естігенінен, азды-көпті оқығанынан ой түйген, өнер үйренген адам. Орыс суретшісі Н.Хлудов «Сурет салуды қайдан үйрендің?» деп сұрағанда бозбала Әбілхан «Таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім» деп жауап берген екен. Одан кейін суретші, әрине, Хлудовтан тәлім алған және Хлудовқа өзі де көп нәрсе үйреткен, яғни ұстазының өзіне ұстаздық жасаған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың «Орындалуы мен бейнелеп мазмұндауы жағынан Хлудовтың картиналары әдемі-ақ, бірақ қазақ тұрмысын білетін адам олардың ойдан шығарылған, жат әрі жалған екенін аңғарады» деген сөзіне орай Н.Хлудов «Ол картиналарды түзету үшін Қазақстанның байырғы халқынан шыққан Ходжиковке, Қастеевке жөндеуге беру керек» депті. Өз жазбаларына қарағанда, Хлудовтың Қастеевті қазақ ауылының тұрмыс жағдайын, күнделікті тіршілігін өзінен тәуір біледі деп мойындағаны, яғни оны тыңдағаны аңғарылады.