Қару түрлері қаншаға бөлінеді?
ҚР Қарулы Күштері қандай қару түрлерін қолданады? Заң бойынша азаматтар өзін-өзі қорғау үшін қару қолдануына бола ма?
Асқар Бек, Алматы
Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы №339-I Заңына сәйкес қару түрлері өзінің бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша: 1) жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару; 2) азаматтық қару; 3) қызметтік қару болып бөлінеді. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қаруға ҚР Үкіметінің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскерлер мен әскери құрамалар, арнаулы органдар қарулануына қабылданған жауынгерлік және жедел қызмет міндеттерін шешуге арналған, сондай-ақ басқа мемлекеттерге беру үшін жасап шығарылатын қару жатады. Азаматтық қаруға Қазақстан Республикасының азаматтары өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады. Азаматтық атыс қаруы оқты түйдектете атуды болғызбауға тиіс. Қызметтік қаруға ҚР заңдарына сәйкес қызметтік қару иемденуге құқығы бар мемлекеттік саяси қызметшілердің, ҚР Парламенті депутаттарының, прокурорлардың жеке басының, сондай-ақ жеке күзетшілердің, дара кәсіпкерлердің күзет бөлімшелері қызметкерлерінің, ұйымдардың оларға заңмен жүктелген немесе өз жарғыларында көзделген, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғау, қоршаған орта объектілерін және табиғи ресурстарды, бағалы және қауіпті жүктерді, арнаулы корреспонденциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға арналған қару жатады.