Жұрт кейінгі кездегі күннің күрт суытуын православтардың «крещение аязы» деп жатады. Ал қазақтар бұл уақытты «қыс шілдесі» деп атаған дейді. Сол рас па? Тағы бір білгім келетіні – қардың да жауу ерекшелігіне қарай бірнеше түрі болады дейді. Осы жөнінде жазсаңыздар екен.
Азамат БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы
Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. Түкірік жерге түспей қататын сақылдаған сары аязды халқымыз «қыс шілдесі» деп атайды. Ал қыстағы жауын-шашын түрлерінің атауларына келсек, жауған қардың өзін «ала қанат қар – бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай жерге ала түскен қар, жапалақ қар – ірі түйіршікті жапырақтап жауған қар, жылбысқы қар – ери жауған қар, күпсек қар – қалың жауған ұлпа қар, көбік қар – жерге түскенде астыңғы қабаты ери беріп, беті көпіршіген жұмсақ қар, қасат қар – ұзақ жатқан қалың қар, күртік қар – беті қатқан, жаяу жүргенде ақсақ ойылатын қалың қар, қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар, қырбық қар – жұқа жауған қар, омбы қар – ат бауырлайтын қалың қар, сонар қар – алғаш жауған қалың қар, сүрі қар – ерте түсіп ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан нығыз қар, сіреу қар – ұзақ мезгіл мызғымай жатқан аяқ бастырмас, көлік жүрісіне бөгеу болатын қатты, қалың қар, үрме қар – жел үрлеп, жиынтықтаған тығыз қар» деп түрліше атаған.
Қардың да түр-түрі болады
Последние статьи автора