Спорт – денсаулық кепілі. Тілі былдырлап шығып келе жатқан балаларымның өмірін спортпен байланыстырғанын қалаймын. Кәсіби спортшы болу міндет емес. Тек шыныққан шымыр болып өссе болғаны. Осы орайда әлем халқы қай спортпен көбірек шұғылданатынын білгім келеді. Яғни тек кәсіби спортшылардың емес, қарапайым бұқараның да көңілінен шыққан танымал спорт түрі қайсы?!
Тәуекел Жақсылық, кәсіпкер, Алматы
Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесе жұмыс істейтін Sport for All халықаралық қауымдастығы әлемде кеңінен таралған 20 спорт түрін сараптан өткізіп, үздіктерін таңдады. Зерттеу барысында әлемдегі 200 мемлекеттің кәсіби спортшылары ғана емес, спортпен шұғылданатын қарапайым тұрғындары да тізімге ілікті. Сонымен қатар спорттық туристер мен балалар спортындағы басты кейіпкерлер де бар. Зерттеу нәтижесінде әлемдегі ең танымал спорт түрі болып жеңіл атлетика танылды. Әрине, кәсіпқой желаяқтардан гөрі әуесқой тұрғындардың қарасы басым екені белгілі. Әлем тұрғындарының көбі жүгіру және спорттық жүріспен айналысатыны анықталды. Осылайша 9,6 пайыз көрсеткішпен жеңіл атлетика бірінші орында тұр. Миллиондардың ойыны болса да, футбол көш бастай алған жоқ. Ала допқа әуес жандар жеңіл атлетикаға бет бұрғандардан бәрібір көп емес екен. Мамандар зерттеу нысаны ретінде элитада ойнайтын кәсіби футбол клубтарымен қатар, төменгі дивизионда доп теуіп жүрген, әуесқой, мектеп және университет қабырғасындағы командаларды да есептеді. Нәтижесінде футбол 8,4 пайызбен екінші орынға тұрақтады. Үшінші орында суда жүзу спорты тұр. Олимпиада бағдарламасына енбейтін драйвинг сынды жаттығулар кәсіпқойлардан гөрі қарапайым тұрғындарға қызығырақ. Ал жаз келісімен қарапайым халықтың аквапарктерге асығатыны – айтпаса да түсінікті жайт. Суда жүзудің неге танымал екенін осылайша түсінуге болады. Төртінші орында – йога, бесінші орын – велоспортта. Велосипед тебуге кішкентай сәбилер құмар келеді, сондай-ақ экстрималды спортқа қызығатын әуесқойлар үшін де екі дөңгелекті спорт құралы өте өтімді тауар болып есептеледі. Бір қызығы, ең танымал 20 спорт түрінің ішінде Олимпиада бағдарламасына енген тоғыз спорт түрі бар. Қалған 11-і төртжылдық додасының тізіміне енбей қалған спорт түрлерінің қатарынан екен.
Қарапайым халық ұнататын спорт түрлері
Последние статьи автора