Қант диабетімен мүгедектікке шығуға бола ма?
Анамның қант диабетімен ауырғанына 15 жылдан астам уақыт болды. Емханада есепте тұрады. Таяуда әкеміз қайтыс болып, анам мектепте оқитын кіші қызымен қалды. Қазіргі күні асыраушысынан айырылуына байланысты төленіп отырған11 мың теңгемен күнелтіп отыр. Анам денсаулығына байланысты жұмыс та істей алмайды. Сол себепті анамды денсаулығына байланысты мүгедектік бойынша зейнеткерлікке шығарайын деп едік. Алайда дәрігерлер «мұндай диагнозбен мүгедектікке шығара алмаймыз, бір мүшесі кесілген жағдайда ғана мүгедектікке шыға алады» дейді. Осы дұрыс па?
Тұрсынай ЕЛУЖАНОВА, Қарағанды облысы
Сарапшы мамандар берген мәліметке қарағанда, «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесінің» 32 тармағына сәйкес, мүгедектік – организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулықтың бұзылуы мен тіршілiк-тынысы шектелуiнің (адамның өзiне-өзi қызмет көрсету, өздiгiнен жүріп-тұру, қарым-қатынас жасау, өзінің мiнез-құлқын бақылау, оқу немесе еңбек қызметiмен айналысу қабілетiнен толық немесе iшiнара айырылуы) негізінде белгіленеді.
Ереженің 7-тармағына сәйкес, медициналық ұйымдар ауруды анықтап, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін, егер жүргізілген емнен нәтиже болмай, ауру асқынып кетсе, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жібереді.
Ал осы ереженің 8-тармағына сәйкес, медициналық зерттеудің сапасы, адамдарды МӘС-ке жiберудiң уақтылылығы мен негізділігі үшiн жауапкершілік тиiсті медицина ұйымының басшысына жүктеледi деп көрсетілген.
Сондықтан толық мағлұмат алу үшін сіз анаңызбен, оның барлық медициналық құжаттарын алып тұратын жеріңіздегі Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптамасының бақылау және әдіснама бөліміне жолығуыңыз қажет.