Біздің өмірімізді реттеп отыратын карма заңы туралы жалпылама жан-жақты түсінік алу бір басқа да, ең маңызды мәселе – өмір жолыңызды жауып, тірлігіңізді қиындататын жаман карма туғызатын әрекеттер жайында білу. Ең қуатты қару – білім, сіз сол білім арқылы болашағыңызды қиындататын жаман әрекеттерден аулақ бола жүріп, ертеңгі жарқын өміріңізге жол ашасыз.
Ислам, христиан, буддизм, индуизм және иудаизм сияқты дәстүрлі діндердің бәрінде өлгеннен кейін тозақ отына түсіріп, азапқа салатын ауыр күналар жайында айтылады. Дәстүрлі діндердің бәрінде дерлік аса ауыр күнә саналатын әрекеттердің барлығы да бір-біріне ұқсас, тіпті бірдей әрекеттер десек, артық айтқандық емес. Мәселен, зинақорлық барлық дәстүрлі дінде аса ауыр күнә саналып, қатты айыпталады.
«Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол (Ісірә сүресі, 32 аят). Қасиетті Құранның осы аятынан көрінгендей, зина жасау арсыздық және жаман жол деп бағаланады. Яғни, зина адамды тозаққа түсіретін аса ауыр күналардың қатарынан саналады. Басқа дәстүрлі діндерде де зина жасау ауыр күналардың бірі ретінде бағаланып, оған қатаң тыйым салынған.
Өкінішке орай, қазіргі кезде зина жасау адамдардың арасында кең таралғаны сонша, оны ауыр күнә да, арсыздық та деп санамайтын, кәдімгі өмірлік қажеттілік деп түсінетіндер көбейді. Веда ілімінің қайнары саналатын Шримад Бһагаватам кітабында ер мен әйелдің арасындағы жақындыққа тек қатаң неке шеңберінде ғана рұқсат етілетіндігі, некеден тыс жақындық аса ауыр күнә болып саналатыны, ондай әрекет жасаған адамдар өлім жазасына кесілетіні айтылған. Осы арада «зина жасау неге күнә, Алла адамдарды ер және әйел етіп және бір-біріне ынтық етіп жаратты, олардың жыныстық жақындыққа баруы табиғи әрекет емес пе?» -дейтіндер де табылары анық. Зина жасаудың дәстүрлі діндерде аса ауыр күнә саналып, қатаң тыйым салынуының астарында үлкен мән жатқаны даусыз.
Қазақта «ойнас оттай ыстық, нәжістей сасық» деген нақыл сөз бар. Некеден тыс байланысқан ер мен әйел мойындарына ешқандай жауапкершілік алмайтындықтан және бұндай байланыс бір ғана мақсатта – нәпсісін қанағаттандыру үшін жасалатындықтан, сол жақындықтан барынша мол ләззат алуға құлшынады. Сондықтан, ондай жақындық некедегі ері мен әйелінің арасындағы жақындықтан мүлдем өзгеше болады. Нәпсі адамның ақылын тұмандандырып, ар-ұят дегенді ұмыттырады.
Ертеректе, сондау 1990-шы жылдарда жапондардың «Сезім патшалығы» деген фильмі кинотеатрларды көрсетілді. Фильмнің кейіпкерлері отбасылы еркек пен жесір келіншек жасырын түрде мүмкіндіігне қарай кездесіп тұрады. Бір жолы әлгі жігіттің келіншегі іссапарға кетіп, сол сәтінде қуанған ол ашынасын үйіне шақырады. Ашынасы да көп күттірмей жетіп келеді. Содан арақ-шарап алып, екеуі армансыз зина жасауға кіріседі. Ойларына келгенді жасаған еркек пен әйел азғындықтың түр-түріне барады. Содан қатты шаршаған ер адам ұйықтап жатқанда ақылынан айрылған келіншек оның еркектік мүшесі кесіп алады. Фильмның соңында ақыл-естен айрылған келіншек қолына қан-қан еркектің мүшесі ұстап көшеге шығып кетеді. Ол мүшеге қарап біресе күліп, біресе жылайды. Осылайша есінен айрылып, жындығы айналады.
Психология ғылымы жыныс жақындығына қатты берілетін әйел мен ер адамдардың жылдар өте келе ақыл-естен айрылып, жынданатынын айтады. Бұның астарында не бар? Яғни, нәпсіге шексіз берілген адамның ерік-жігері азайып, арсыздықтың құрдымына құлай келе, ақырындап ақыл-есінен айрылады, сөйтіп түптің түбінде жынды адамға айналады. Бұның өзін араққа қатты салынған пенденің маскүнемдік дертке шалдығуымен салыстыруға болады.
Жаратқанның кешірмейтін аса ауыр күнәларының бірі – жөргегінде жатқан сәбиді тұншықтырып өлтіру екендігі айтылады Шримад Бһагаватам кітабында. Бұны бүгінгі заманда «жасанды түсік», ғылыми тілмен айтқанда «аборт» деп атайды және оның кең таралғаны сонша, ешкім де оны күнә деп түсінбейді. Неге бұл кешірілмейтін күнә? Өйткені, жөргекте жатқан сәби өзін қорғау үшін еш әрекет жасай алмайды және қашып құтыла да алмайды. Әлі дүние есігін ашпаған сәби ешкімге қылдай қиянат жасамаған, яғни жазықсыз. Міне, сондай жазықсыз жанның өмірін қию – дін тілімен айтқанда кешірілмес ауыр күнә, пендешілік тілмен айтқанда аса ауыр қылмыс.
Кешірілмейтін аса ауыр күнәлардың қатарында сондай-ақ, адамдарды ренжіту де бар. Мұхаммед пайғамбардан қалды деген мынадай сөз бар: «Ең алдымен көршіңе жақсылық жаса. Содан кейін тағы да көршіңе жақсылық жаса» -деп Пайғамбар бұл мәселенің аса маңызды екенін бірнеше қайталау арқылы баса айтқан. Көрші деп отырғаны, қоңсы тұратын адамдар ғана емес, бірге жұмыс істейтін, яғни күнделікті араласатын адамдардың бәрі көрші болып есептеледі. Міне, сол жандармен тіл табысып, әрдайым жылы қатынаста болу шарт екен.
Бір күні Мұхаммед пайғамбардан бір кісі «Маған көрші бір тақуа әйел тұрады, намазын еш қаза жібермейді. Бірақ та, өте ұрысқақ. Ертең өлгенде оның жайы не болады?» деп сұрапты. Сонда пайғамбар: «Ол әйелдің орны тозақ болады» деген екен. Адам мейлі, қанша тақуа, діндар болмасын, егер біреулерді ренжітіп, адамдармен ұрыс-керіс жасап жүретін болса, онда оның жасаған тағат ибадаттарының көк тиындық құны болмайды. Қасиетті Құранда Алла адамды басқа барлық тіршілік иелерінен дәрежесін артық етіп жаратқаны, оған барлық періштелерді сәжде еткізгені, Ібіліс сәжде етпегені үшін қарғысқа ұшырағаны туралы аяттар бар. Яғни, сондай Алла дәрежесін аса жоғары етіп жаратқан адам баласын ренжіту ЕҢ АУЫР КҮНӘ болып табылады.
Дәстүрлі діндердің бәрінде айыпталатын күналардың қатарында кісі ақысын жеу, ұрлық жасау, тонау, өтірік-өсек айту, кісіні алдау, шариғатта харам деп саналатын тағамды жеу, ішімдіктерді ішу, өзгеге қиянат жасау сияқты бүгінгі азаматтық қоғамда да қылмыс саналып айыпталатын теріс әрекеттер бар. Ондай жаман әрекеттер соны жасаған адамның айналасындағыларға үлкен залалын тигізеді. Егер адамдар осындай теріс әрекеттерден тыйылса, бүгінгі біз тірлік кешіп жатқан қоғам нағыз тыныштық пен бақытты адамдардың қоғамына айналар еді.