Қандай адам президент бола алады?
Қазақстанда президент сайлауына қатысқысы келетін адамдарға қандай талап қойылады? Жас шамасына шектеу бар ма?
Азамат Оразов, Астана қаласы
ҚР Конституциясының 41-бабына сәйкес, республика президентi болып тумысынан республика азаматы болып саналатын 40 жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын республика азаматы сайлана алады. Қазақстан Республикасының Президентi – мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға. Ата Заңға сәйкес, бұл қызметтегі адам – халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi бола алатын азамат. Республика президентi жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде кәмелетке толған азаматтардың жасырын дауыс беруі арқылы бес жыл мерзiмге сайланады.