Қанай деген кім болған?
Сіздердің газеттеріңізден Қанай биге қатысты екі-үш материал оқығанмын. Бірақ онда ол туралы толық мәліметтер берілмеген. Қанай би жайында білгім келеді.
Марал, студент
Қанай Құттымбетұлы – Қарауыл Қанай XVIIІ ғасырда өмір сүрген би, шешен, батыр, қоғам қайраткері. Қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. 1771 жылы үш жүздің басшылары Абылайды хан сайлағанда, Қанайды ақ киізге орап, қараша би ретінде қатар көтерген. Ел аузындағы әңгімелер мен тарихи шығармалардың деректеріне қарағанда Қанай би Абылайдың ең жақын кеңесшілерінің бірі болған. Ол Абылайдың көмегімен Ташкенттің бегі болып, қаланы билеп тұрған кезінде дүние салған, сүйегі Түркістанға, Абылай хан зиратының жанына жерленген. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Қанай Құттымбетұлы жоңғарлармен болған шайқастарда ержүрек батыр, ірі қолбасшылардың бірі болғаны жөнінде баяндалады.
Оның есімі Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанының бір бөлімінде де аталады. Қанай би Құттымбетұлының өмірін зерттеуге профессорлар: М.Ғабдуллин, М.Ысқақовтар елеулі үлес қосты.
Кейін де зерттеушілер Қ.Нұралин,С.Мырзагелдин, С.Әлібековтің материалдары, Р.Әбдірахмановтың «Қарауыл Қанай батыр туралы кейбір тарихи деректері» және А.Қазбековтің «Ас» атты кітаптары жарық көрді. Қазір бұрынғы Қарабұлақ ауылы Қанай би есімімен аталады. Көкшетау қаласында ономастикалық комиссияның шешімімен Фурманов көшесі Қанай би көшесі болып өзгертілді.