Қаламгерлер ұйымы қашан құрылды?
Белгілі қаламгерлердің басын қосып, ақын-жазушылардың рухани ордасына айналған Қазақстан Жазушылар одағы қашан құрылғанын білуге бола ма?
Серік АМАНҰЛЫ, Алматы қаласы
Мұрағат деректері бойынша, 1934 жылдың маусым айында қазақ жазушыларының тұңғыш құрылтайы өткен. Қазіргі Жазушылар Одағының тарихы осыдан бастау алады, яғни биыл одаққа 75 жыл толады. Тарихи оқиға деп бағаланатын 1934 жылғы құрылтайда қазақ әдебиетінің даму деңгейі, болашағы талқыланды. Пікірталасқа қазақ әдебиетінің қайталанбас ірі тұлғалары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов қатысты. Бүгінде бұл шаңырақта ақын-жазушыларымыздың әртүрлі кештері, мерейтойлары ұйымдастырылып тұрады. Одақтан республикамызға тарайтын, әдеби қауым сүйіп оқитын «Қазақ әдебиеті» деген газет шығады. Айта кетейік, 1925 жылы Қазақстан пролетар жазушылар одағы құрылған. Оның алғашқы басқарушысы болып Алаштың ардақты азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллин сайланды. Демек, Жазушылар одағының тарихын сол жылдан бастап қарастыруға да болады.