Сұлулықтың, нәзіктіктің белгісі саналатын ақ қайыңның маңызын былай қойғанда, одан алынатын шипалы шырынының адам ағзасына берер пайдасы орасан зор.
Ақ қайыңның бүрінде шайыр, эфир майы, бетулоретин қышқылы, сапониндер, илік заттар, жүзім қанты, С дәрумені және фитонцидтер, глюкоза, фруктоза, көптеген микроэлементтер кездеседі. Қайың қабығынан ағатын шырын ішуге арналған. Оның құрамында калий, кальций, темір, т. б. минералдар бар. Сондай-ақ, 20% қант, кальций оксиді және хош иісті заттар да кездеседі. Ал, қандыағаш бүрінің құрамында илік заттар, галла қышқылы, ал жапырағында глюкозидтер, кверцетин мен түрлі органикалық қышқылдар бар. Қабығы илік заттармен қатар тритерпеноидтарға, тараксеронға және басқа да заттарға бай.
Ертедегі адамдар емдік мақсатта ақ қайыңның бүрлері мен жапырақтарын және шырынын түрлі ауруға қарсы қолданған. Ақ қайың бүрлерінен және жапырақтарынан жасалған қайнатынды мен тұнба халық медицинасында несеп және өт жүргізетін, қан тазартатын, тер шығаратын дәрі ретінде пайдалынылады. Бүрінен жасалған 10% тұнбаны стаканның төрттен біріндей мөлшерде күнде 3-4 рет ішеді, ал жапырағынан жасалған 10-20% тұнбаны жарты стаканнан күніне 2 рет ішеді. Жапырақтарының қайнатындысымен қырқұлақ, сүйек қақсау, құяң, шемен, бүйрек ауруларын емдейді, арнаулы булау жасап, денедегі қышыма қотырды, ұшықты және тағы басқа да тері ауруларына қарсы пайдаланады. Халық медицинасында көктем шығып, күн жылына бастаған кезде қайын қабығын теріп, одан ағатын шырынды пайдалану кең таралған. Қайың шырынында 2% қант, кальций тотығы және хош иісті заттар бар. Оны несеп жүргізетін, шек құртын түсіретін, тәбет арттыратын, қан тазартатын, жалпы денсаулықты жақсартып, әл беретін дәрі ретінде және қырқұлақ ауруына қарсы пайдаланады.
Созылмалы гастроэнтерит кезінде, яғни қарын және аш ішек қабынғанда және қатты іш өткенде де қайынның жас бүрін пайдалануға болады. Оны қазтабан сабағымен, түймешетен гүлімен, шайқурай тұқымымен, ақбас жусан гүлдерімен қосып, араластырады да осы қоспадан 15 г алып, үстіне 18 - 20°С жылы жарты л су құйып, 3 сағат тұндырады. Одан кейін оны 10 минуттай баяу жанған отқа қойып қайнатады. Бұл қайнатындыны 2 ас қасықтан күніне 6 рет тамақ алдында ішу керек.
- Қайың шырынының күніне 1-2 стақанын аш қарынға ішсеңіз, бүйрек ауруларын алдын алуға болады.
- Теріңіздің тартымды болғанын қаласаңыз, күн сайын 4 стақаннан кем ішпеңіз. Емделу курсы – 1 ай.
- Тамағыңыз ауырса, бұл сусынды кішкентай жұтымдармен ішіңіз.
- Қаназдыққа қарсы да күніне 1-2 стақаннан 2-3 рет ішсеңіз болады.
- Шашыңыздың тез әрі жұмсақ болып өскенін қалап, қайызғақтан құтылғыңыз келсе, аптасына 2 рет қайың шырынымен жуыңыз.
- Көктемгі авитаминоз кезінде қайың шырыны өте пайдалы. Тамақ ішер алдында жарты сағат бұрын ішсеңіз жеткілікті.
- Сонымен қатар, балалардың иммунитетін көтеру үшін бұл шырынды оларға күніне 3-4 рет беру қажет.