Зейнетақы жарнасын уақтылы аударып отырған кейбір адамдар зейнетке шықпай тұрып өмірден өтіп кетуі мүмкін. Бұл жағдайда жиналған сома қайда жұмсалады? ҚазАқпарат агенттігінің бұл сауалына «БЖЗҚ» АҚ-ның БАҚ пен коммуникация бөлімінің бастығы Марина Акмаева жауап берді.
«Жеке зейнетақы қорындағы ақша салымшының жеке мүлкі болып табылады және ол сома салымшы өмірден өткен жағдайда да мерзімге қарамай, БЖЗҚ-да сақталатын болады.
«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру» туралы» ҚР Заңының 31, 32, 33 бабына сәйкес, азамат көз жұмған жағдайда жиналған сома толығымен заңнамаға көрсетілген тәртіпте сәйкес мұраға қалады», — деп түсіндірді Марина Акмаева.
БЖЗҚ-да сонымен бірге, қайғылы жағдай орын алып жатса да салымшылардың зейнетақы жинағы мемлекеттің меншігіне өтіп кетпейтінін немесе мүлде құрып кетпейтінін ескертіп өтті. Бұған қоса мұрагерлік процесінің қалай жүзеге асырылатыны мен зейнетақы сомасы туған-туыстар арасында қалай бөлінетіні туралы жауап берілді.
«Зейнетақы аударымының мұрагерлігі өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Егер өсиет қалдырылмаған немесе ол өсиет барлық мұраны қамтымаса, барлығы заң бойынша таратылады. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, құқықтық мирасқорлар жеті кезекке бөлінеді. Ең бірінші кезекте, мұра заң бойынша тең үлеспен мұраға қалдырушының балаларына, асырап алған балаларына, әйелі мен әке-шешесіне табысталады. Екінші кезекте мұраға қалдырушының аға-бауырына, әпке-қарындасы (немесе сіңлісі) әжесі, атасы мен мұраға қалдырушының немересіне беріледі.
Мұрагерлер заң бойынша мұраға кезек тәртібі бойынша шақырылады. Мирасқорлардың әрбіреуі алдыңғы мұрагер жоқ болған жағдайда, мұраны қабылдамаса немесе одан бас тартса ғана қаражатқа ие бола алады. Басқаша айтқанда, егер салымшы үйленбеген адам болса және оның әке-шешесі жоқ болса, онда оның зейнетақы аударымына екінші кезектегі туыстары (мәселен, ағасы немесе әпкесі) ие болады. Егер олар болмаған жағдайда үшінші кезектегілерге беріледі және т.с.с. Ал егер мұрагерлер бірнешеу болса, онда қайтыс болған адамның зейнетақы аударымы мұра туралы белгіленген құқықтың немесе мұраға қалған мүліктің келісім бөлігінің тәртібіне сәйкес, болмаған жағдайда сот арқылы бөлінеді», — деп түсіндірді БЖЗҚ-да.