Промоутер деген кім?
«Естімеген елде көп» демекші, әншілердің продюсері дегенді білуші едік, енді кейінгі кезде промоутер деген де шығыпты. Ол кім? Және продюсерден ерекшелігі қандай?
Әмина Нұрақынқызы, Шымкент
Шоу-бизнестің негізгі кілті – продюсерде, себебі істің қайнар көзінен соңғы нүктесіне дейін жобаны қаржыландыру, орындаушы өнерпаздарды іріктеп алу, бюджетке сай жұмыс тәртібін құру, жарнама стратегиясын жоспарлау, өнімдерді айналымға түсіру т.б бүкіл шығармашылық процесті продюсер қадағалайды.
Промоутер (ағылшынның «promotion» сөзінен шыққан, яғни қозғалту, алға жылжыту) – қандай да бір бизнесте тауарды, қызмет түрін не белгілі адамды нарыққа шығару жолында жарнамамен тікелей айналысатын тұлға не тұлғалар жиынтығы. Продюсер әншінің қашанда қасынан табылатын болса, промоутер тек белгілі бір жағдайға байланысты, айталық, жаңа альбомның, бейнеклиптің т.б тұсаукесері болғанда, бір ретке жалданып, өз қызметін ұсынады. Соған сай жарнама науқаны біткенде, оның қызметі де аяқталады. Ал онымен көбіне сырт келбеті адамды бір көргеннен тартатын, сонымен қатар білімді, шығармашылық саладан хабары мол, сол тұрғыда әңгіме өрбіте алатын жас студент қыздар айналысады. Кейде тіпті шығармашылық иелерінің өзі осылай қосымша ақша табуы мүмкін.