Пойыз апатқа ұшыраған жағдайда не істеу керек?
Жолаушылар пойызының ең қауіпсіз вагондары қандай? Теміржол көлігі апатқа тап бола қалған жағдайда қалай қимылдау керек?
Нұрлан, Астана
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының мәліметінше, жолаушылар пойызының мейлінше қауіпсіз вагондары – орталық құрамдар. Сондай-ақ апатты жағдайларға арналған шығу терезелері бар басқа да вагондарда қауіп аз. Пойызда қауіпсіздік сақталуы үшін терезеден бас шығармау, жүк сөмкелерін берік етіп орналастыру, тез өртенетін заттарды ұстамау, белгіленбеген жерде шылым шекпеу сияқты ережелерді естен шығармаған абзал. Бұған қоса, пойыздың рельстен шығуы, оқыс тоқтауы сияқты апатты жағдайға тап болған кезде, қабырғадан құлап қалмайтындай етіп ұстау керек. Ең дұрысы, еденге отыра қалған жөн. Ал апаттан соң есікке немесе терезеге дереу ұмтылып, тысқа шығудың амалын қарастыру қажет. Терезені қатты нәрсемен ғана сындырып, әйнек сынықтарының көзге тиіп кетпеуін ойлау керек. Өрт шыға қалған кезде, шыққан есіктерді жаба жүріп, пойыздың жалын тимеген жағына қарай ауысқан дұрыс. Мүмкіндік болса, от құшағында қалған өзге жолаушыларға қол ұшын берген жөн.