Пергамент теріден жасалады
XV ғасырда қағаз пайда болғанға дейін барлық кітаптар, құжаттар пергаментке жазылғанын білеміз. Пергамент неден жасалады? Шалқар БЕКОВ, Семей қаласы
Пергаменттің негізгі отаны – Азияның Пергама деген қаласы. Кейіннен бұл материал Грекияға әкеліне бастаған кезде, гректер оны сол қаланың атымен, яғни пергамент деп атап кеткен. Ал ежелгі орыс жазбаларында пергаментті харатья (тері) немесе «телятина» деп атаған. Өйткені ең сапалы пергаменттер бұзау терісінен жасалады екен.
Пергамент жасау үшін, ең алдымен, ешкінің, қойдың, бұзаудың шикі терісін суға малып қояды. Одан кейін теріні пышақпен қырып тазалайды да, арнайы құралмен терінің жүнін алып тастайды. Тазартылған теріні керіп кептіреді де, екі жағына да бор жағады. Сөйтіп, сарғыш түсті жұқа тері пайда болады. Кейде мұндай теріні көк, қара түстерге бояйды. Пергамент неғұрлым жұқа болса, соғұрлым қымбат болған. Пергаменттің осындай парақтарын біріктіріп, дәптер жасаған.