Сатып алған пәтерді кәмелеттік жасқа толмаған баламның атына жаздыруыма бола ма? Егер болса, қандай талаптар қойылады?
Әділет департаменті мамандарының айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінің 13-бабы бойынша барлық азаматтардың міндеттері мен құқықтары бірдей. Барлық азаматтар туылғаннан өлгенге дейін азаматтық құқыққа ие болады. Азаматтық кодекстің 23-бабына сәйкес, 14 жасқа толмаған балалардың атынан келісімді олардың ата-аналары, асырап алушылары немесе қамқоршылары жүзеге асырады. Ал осы кодекстің 22-бабы, 1-тармағы бойынша 14 пен 18 жас аралығындағы балалар келісімді ата-аналарының, асыраушыларының немесе қамқоршыларының тікелей қатысуымен жүзеге асырады.
Жылжымайтын мүлікті жекеменшікке мемлекеттік тіркеу үшін 14 жасқа толмаған балалар атынан Халыққа қызмет көрсету орталығына өтінішті олардың заңды өкілі береді. Ал 14 пен 18 жас аралығындағы балалар өтінішті өздері береді, бірақ олардың заңды өкілдерінің қатысуы шарт.