Пәтер сатып алсаңыз, қарызын қараңыз
Пәтер сатып алған едім. Пәтердің бұрынғы иесінің үш жылдық қарызы бар екен. Пәтер иелері кооперативі менен қарызды төлеуімді талап етіп отыр. ПИК-тің осы талабы заңды ма?
Дүрия апай, Тараз қаласы
Заңгерлердің айтуына қарағанда, бұл жағдайда Пәтер иелері кооперативінің талабы заңды. Өйткені «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша, әрбір пәтер иесі үйді ұстауға жұмсалатын шығындардың барлығындағы өзіне тиесілі үлесін төлеуге міндетті. Ал міндетті төлемдер ай сайын төленуі керек. Егер де төлеу мерзімін өткізіп алсаңыз, төлеу мерзімі өткен әрбір күнге заңмен бекітілген мөлшерде өсім төлейсіз.
Сондықтан пәтер сатып алғанда құжаттарын мұқият тексеріп, пәтер кепілдікте тұрғандығын, коммуналдық төлемдер бойынша қарызының бар-жоғын анықтау қажет. Қарызы болған жағдайда пәтер сатушыдан оны төлеуін талап етіңіз. Коммуналдық төлемдер бойынша қарызы бар пәтерді сатып алсаңыз, заңды тұрғыда қарызды төлеуге міндеттісіз. Төлеуден бас тартсаңыз, ПИК сізден қарызды сот арқылы төлетуге құқылы.