Кеңес кезінде Алаш зиялыларын пантүркизм және түрікшілдікпен айыптап, қуғындағанын білеміз. Осы пантүркизм мен түрікшілдіктің айырмашылығы неде?
Қайыржан Телебаев, Жамбыл облысы
Пантүркизм мен түрікшілдік – мүлде екі бөлек ұғым, айырмашылығы жер мен көктей. Пантүркизм немесе османизм – түркі тілдес, түркі-мұсылман халқын Түркияның қол астына біріктіруден туындаған ұлтшыл-буржуазиялық идеология. Түркияда XIX-XX ғасырларда пайда болған пантүркизм идеясы 1908 жылғы Жас түріктер революциясынан кейін тым саясиланып, «Бірлік пен прогресс» партиясының күшті құралына айналды. Пантүркизм Түркия мен Ресей арасындағы соғыста идеологиялық-насихаттау құралы болды. Пантүркизм Орталық Азия мен Қапқаз аймағында жадидизм идеясы негізінде таралып, орыс отаршылдығына қарсы күресте саяси идеология ретінде қолданылды. Пантүркизм идеясы Осман түріктерінің қазіргі Түркияның басқа түркі халықтарына аға ұлт мағынасында айтылып жүр. Ал түрікшілдік – Алаш зиялыларының тарыдай шашырап кеткен түркі жұртының ортақ мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін қайта жаңғырту мақсатындағы мәдени-рухани қозғалысы. Сонымен, пантүркизм саяси бірігу болса, түрікшілдік мәдени-тарихи жағынан бауырластықты жаңғырту идеясы болып табылады.
Пантүркизм мен түрікшілдіктің айырмасы жер мен көктей
Последние статьи автора