Мен балабақшада есепші болып жұмыс істеймін. Қазір ақылы еңбек демалысына шығып, еңбек демалыс ақымды алдым. Арадан төрт күн өткенде жұмысқа шақыртты. Мен өз келісімім бойынша жұмысқа қайта шықтым. Менің білгім келгені – пайдаланылмаған еңбек демалысы күндері үшін өтемақы төлене ме?
Ақайша АЙДАРБЕКОВА, Жамбыл облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, жұмыс берушi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын тек қызметкердің жазбаша келісімімен ғана үзуі мүмкін. Қызметкердiң жұмыс берушiнiң ұсынысынан бас тартуы еңбек тәртiбiн бұзу болып табылмайды.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақыртып алуға байланысты пайдаланылмаған бөлiгi еңбек шарты тараптарының келiсiмi бойынша ағымдағы жыл iшiнде немесе келесi жұмыс жылында кез келген уақытта берiледi не келесi жұмыс жылындағы жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосылады.
Қызметкердi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақыртып алған кезде демалыстың пайдаланылмаған бөлiгiн басқа уақытта берудiң орнына қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiм бойынша қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлiгiнiң күндерi үшiн өтемақы төлемi жүргiзiлуi мүмкiн.
Бұл ретте, егер сіз жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезеңіне сақталатын орташа жалақыны толық (еңбек демалысының барлық күндеріне) алған жағдайыңызда аталған өтемақы төлемi жүргiзiлмейді.
Пайдаланылмаған еңбек демалысы күндері үшін өтемақы төлене ме?
Последние статьи автора