Озон қабатының жыртылуына не себеп?
Мектепте география пәнінен «озон қабаты жыртылып бара жатыр» деп оқып едік. Оның салдары неге апарады және озон қабатының тесілуіне не әсер етеді?
Дастан ШЫҢҒЫСҰЛЫ, Кереку облысы
Озон қабаты – стратосферада, жерден 12-50 шақырым (қалыңдығы – 23 шақырым) биіктікте. Озонның ауадағы шоғыры 0,0001 пайыз аздығына қарамастан, барлық тірі тіршілік үшін қауіпті қысқатолқынды ультракүлгін сәулені жұтады. Адам баласының абайсыздығына байланысты озон қабаты ұзақ уақыттан бері жұқарып барады. Оның жұқаруының негізгі себептері мыналар:
1. Ғарыш кемелерін ұшыру салдарынан озон қабаты тесіледі. Жыртылған тесіктер ұзақ уақыт бойы бірқалыпты тұра береді.
2. 12-16 шақырым биіктікте ұшатын ұшақтар да озон қабатына қауіп төндіреді. Керісінше, 12 шақырымнан төменде ұшатындары озон қабатының қалыптасуына септігін тигізеді.
3. Атмосфераға фреондардың тасталуы. Озон қабатының тесілуіне ең үлкен қауіп тигізетін хлор мен оның судағы қоспасы. Хлордың көп бөлігі атмосфераға фреондардың ыдырауы арқылы тарайды. Ол «жарылуға» әкеп соғады. Сондықтан хордың бір атомы көп озонды құртуға қызмет етеді. Оның қоспасы ауада 50-120 жылға дейін сақталып тұрады. Фреон бөлме температурасында көлемін көбейтетіндіктен, аэрозоль ретінде пайдаланып келеді.
Озон қабатының тесілуінен адам баласы ісік ауруына шалдығады екен. Сонымен қатар тері ісігі, көз ауруларын қоздырып, егістік алқаптарына зақым келтіреді.