Ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен ырымдары көп. Бүгінде олардың көбі ұмытылып барады. Соның ішінде «Ат тергеу» салты туралы білгім келеді.
Айсұлу Қамбарова, Орал қаласы
Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі – ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайынсіңлісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып, «мырза қайнаға», «бай атам», «би атам», «жалқы бала», «тентегім», «еркем», әйел болса, «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім» деген сыңайда атаған. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: аласа бойлы қайнысын «сұңғағым», жайбасарды «жүйрігім» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке», Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргендік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады. Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Бір келіншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!» – депті. Сөйтсе, ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны-қайнағаларының атын атай алмай тұр екен!
Өзінің аты болса да, өз атымен атама!
Последние статьи автора