Өзіміздің дербес спутниктік навигациялық жүйеміз болады
«Қазақстан ғарыш сапары» биыл жоғары дәлдікті ғарыштық навигациялық жүйесінің құрылымын құру жобасын іске қосқанын мәлімдеген еді. Бұл жүйе нақты қай кезеңде тұтынушыға қызмет көрсете алады?
Марат, Алматы қаласы
Бұл ретте «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының президенті Ғабдуллатиф Мырзақұлов былай дейді:
– 2012 жылдың аяғында Қазақстанның бүкіл аймағында жоғары дәлдікті навигациялық алаң құрылады. Ол арнайы құрал-жабдығы бар тұтынушыларға қай жерде тұрғанын аса жоғары дәлдікпен көрсетіп бере алады. Осы мақсатта 40 аймақтық дифференциалдық стансы салу жоспарда бар. Тұтынушылар қазіргі қолданыстағы америкалық GPS, ресейлік ГЛОНАСС спутниктік жүйелер сигналдарымен қоса, біздің де сигналдарды қабылдай алады. Әйтсе де тұтынушылар GPS арқылы бірнеше метрлік дәлдікке қол жеткізе алатын болса, біздің жүйеміз арқылы олар метрлік, тіпті сантиметрлік дәлдікпен тұрған жерін анықтай алады.
Биыл осындай 10 стансыны құруды жоспарлап отырмыз, қалған 30 стансыны салу 2012 жылға белгіленген. Бұл жобадағы біздің әріптестеріміз швейцариялық және жапониялық компаниялар болып табылады.
Біздің қызметті тұтынушылар мемлекеттік құрылымдар, ұлттық компаниялар, жеке фирмалар мен қатардағы тұтынушылар болады деп санаймыз. Аталған жүйені жер кадастрын, картографияны белгілеу, жылжымалы көлікті қадағалау мен бақылау, геодинамиканы зерттеу, құрылыс және жол мониторингі тәрізді көптеген сала пайдалана алады.