Өзге ұлт жастарының өз тілінде білім алуына шектеу жоқ
Біз Әзірбайжаннан Қазақстанға көшіп келмекші едік. Балаларымызды қазақ мектебінде оқытқымыз келеді. Бірақ үлкен ұлымыз әзірбайжан тілінде білім алғандықтан, оның 11-сыныпты да сондай мектепте аяқтағанын қалаймыз. Қазақстанда әзірбайжан тілінде білім беретін мектептер бар ма?
Нұржамал, nula_1962@mail.ru
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, елімізде өзге ұлт өкілдерінің өз тілінде білім алуына бар жағдай жасалған. Және бұл жағынан Қазақстан – ТМД көлемінде алдыңғы орында. Мәселен, 18 түрлі ұлттың 15 мыңға жуық баласы қазақ және орыс мектептерінен өз ана тілдерін тереңдетіп оқи алады. Одан басқа, өзбек пен тәжік диаспорасы көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында 70-тен астам білім ордасы өзбек, 10 мектеп тәжік тілінде, ал Алматы облысындағы 14 мектеп ұйғыр тілінде білім береді. Әзірбайжан диаспорасы да негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде қоныс тепкен. Бұл облыстарда таза әзірбайжан тіліндегі мектептер болмағанымен, әзірбайжан балаларына қазақ тілінде жалпы білім беру мекемелері жанынан өз ана тілдерін тереңдетіп оқуға мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге әр ұлттық-мәдени орталықта жастарға ана тілі мен әдебиетін оқытып, салт-дәстүрін насихаттайтын кешкі мектептер жұмыс істейді.